Ғасырға жуық тарихы бар, есімі аймаққа ғана емес, республикаға танымал оқу – орнының өсіп-өркендеуіне өз шама-шарқымша үлесімді қоссам деген үмітпен биылғы оқу жылында киелі білім шаңырағының табалдырығын аттаған жас маманның бірімін. Алдымдағы аға буынның үлгі – өнегесінің арқасында оқу орнының қым-қуыт тіршілігіне араласып кеттім десем де болғандай.
Толқынды толқын қуады демекші, биылғы оқу жылының басты жаңалығы - колледж директорлығына Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызының тағайындалуы болды. Сырттан емес, осы оқу орнының қыр – сырын жақсы білетін, жанашыр жанның басшы болғанына ұжым да қатты қуанды. Осыған орай, жаңа басшымен сұхбаттасу – біраздан ойымда жүрген еді. Соның сәті бүгін түсті.
Қайырлы күн, Жақсыгүл Қоханқызы! Жаңа жылдың алды қашанда қарбалас кезең. Осындай сәтте уақыт тауып, сұхбаттасуға келіскеніңізге үлкен рақмет! Алғашқы сұрағым, әрине, Сіздің осы қызметке келуіңізбен байланысты болмақ. Осындай іргелі оқу орнына басшы болуға қалай тәуекел жасадыңыз?
Рақмет! Жұмыс ауқымы қанша қауырт болса да, мұндай игілікті бастамаға уақыт таба білуіміз керек шығар. Өңіріміздегі белді оқу орны – Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ді бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек жолым осы киелі білім ордасынан басталды. Сондықтан да, мен үшін бұл қасиетті шаңырақтың орны бөлек. Қатардағы оқытушы, бірлестік жетекшісі, бөлім меңгерушісі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымдарында болдым. 2017 жылы да директордың міндетін уақытша 7 ай атқардым. Менің осы еңбек жолымдағы өсу сатыларым кәсіптік білім беру саласында мол тәжірибе жинақтауыма оң ықпалын тигізді деп ойлаймын. Оқу орнындағы барлық лауазымдық сатылардан өткендіктен, өзімді осы саланы жан – жақты білетін, кешегісі, бүгінгісі, ертеңгісіне дұрыс сараптама жасай алатын маман ретінде тәуекелге бел будым. Оңай болған жоқ, қаншама сынақ сатыларынан өттім. Осындай үлкен ұжымға басшы болу – мен үшін абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік деп түсінемін.
Рақмет! Басшы ретіндегі ұстанымыңыз қандай болмақ?
Ең алдымен әр ісіме жауапкершілікпен қарап, алдымдағы аға ұрпақтың салып кеткен дәстүрлі жолын заманауи жалғастыруға, педагогикалық сабақтастықты үзіп алмауға, ұжымда жағымды ахуалдың қалыптасуына және оқу орнының беделін одан әрі көтеруге күш – жігерімді саламын. Оған менің өмірге деген позитивті көзқарасым, жаңалыққа ұмтылысым, өзіме де, өзгеге де талапшылдығым, кәсіби де, адами да потенциалым жетеді деп ойлаймын. Себебі, колледжді ұзақ жылдар басқарған белгілі ғалым, ұстаздардың ұстазы - Әлима Жақыпқызының кәсіби мектебінен өттім. Білікті басшының үнемі назарда ұстайтын уақыттан оза жүру қағидаты менің де өмірлік ұстанымыма айналған. Өйткені, дәл қазіргідей жылдам дамып жатқан ақпараттық қоғамда олай болмау мүмкін емес. Үйрене жүріп, үйретуге тырысамын. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Бағамдап қарасам, бір жарым айға жуық колледж директоры міндетін уақытша атқардыңыз, қызмет тізгінін толық қолға алғаныңызға тура бір айдың жүзі болыпты. Әрине, өте аз уақыт, десек те ...
Ия, ойыңның төркінін байқап отырмын. Шынымды айтар болсам, қазір менде демалатын уақыт, тыныш ұйқы жоқ. Үйде отырсам да, басымда мың сан ой.
Білім, тәрбие процесі бұрыннан таныс болса да, алдымен бүкіл оқу ғимараттарының әр бұрышын қалдырмай, ой түйе жүріп, түгел аралап шықтым. Оқу – тәрбие процесі, қашықтан оқыту, штаттық кесте, есеп – қисап, шаруашылық, бәріне жіті үңілуге тура келді. Колледждің биыл жаз бойы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи абаттандырылғанын бәріңіз де білесіздер. Сыртқы келбеті мен ішкі сәні үйлесім тапсын деген оймен жатақхананың 67 бөлмесін толық жаңа перделермен жабдықтаттым. Тағы бір жағымды жаңалық – кітапқұмар қауым үшін заманауи үлгідегі «Co working» орталығын аштық. Заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген жақсы тәмсілі бар. Осыған орай айта кетсем, колледж кітапханасында барлығы 134020 кітап, оның 84751 – і оқулық болса, биылғы жылы тағы 485 оқулықпен толықты. 2 студентіміз «ҚР колледждерінің Топ-100 студенті» жобасының жеңімпаздары атанды. Қашықтан оқытудың қиындықтарына қарамастан Әл – Фарабидің 1150, дана Абайдың 175 жылдығына арналған жыл бойғы жұмыстардың қорытынды шараларын, Тәуелсіздіктің 29 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік және осының бәрін онлайн форматта барлық студенттеріміз тамашалады. Жақында ғана жыл қорытындысы бойынша үздік оқытушыларымыз бен студенттеріміз марапатталды. Ардагер ұстаздарымызға, мерейтой иелеріне де мерекелік көңіл – күй сыйладық. Оқытушылар мен қызметкерлерге шама – шарқымызша сыйақы бердік, осылай жылды жаман аяқтамаған сияқтымыз.
Қазір біз мүлде өзге кезеңде өмір сүріп жатырмыз. «Бәсекелестік» ұғымы барлық жерде, оның ішінде білім саласында да берік орын алған. Бұрынғыдай қатып қалған жоспар жоқ, уақыттың өзгеруіне, нарық талаптарына, еңбек сұранысына қарай біздің өзгеруімізді қалай елестетесіз?
Дұрыс сұрақ деп ойлаймын. Бүгінгі уақыт талабына сай оқу және тәрбие жүйесін инновациялау, цифрландыру – қолжетімді және сапалы білімді тиімді ұйымдастырудың бірден – бір жолы деп есептеймін. Біз бес, он жылдан кейін әлемде, білім саласында нендей өзгеріс болатынын болжай алмаймыз. Бүгін біз қажет деп есептеген мамандық, ертең сұранысқа ие болмай қалуы мүмкін. Бірақ, бір анығы – педагогикалық мамандықтың ешқашан жойылмайтындығы. Міне, біздің оқу орнының ерекшелігі де осында. Тағы да айтам, бірақ, тоқмейілсінуге болмайды. Педагогикалық мамандықтар жекеменшік оқу орындарында да бар. Қазір заманауи жеке мектептер санының да, сапасының да артып келе жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Сондықтан уақыттан оза жүруге тура келеді.
Тағы бір сұрақтың ойыма оралып тұрғаны. Жаңа педагогикалық мамандық туралы жақсы айттыңыз. «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында осы мамандыққа деген бүгінгі көзқарасты қалай бағалайсыз?
«Педагог мәртебесі туралы» Заңы – ұстаздар қауымының әлеуметтік қолдауын, құқықтық қорғалуын заңдық тұрғыда нақтылап берген алғашқы құжат. Оның қалай жүзеге асырылып жатқаны өздеріңіздің көз алдарыңызда. Алдымен мектепте қолжетімді болған көптеген қолдауларға біздің оқытушыларымыз да ие болып жатыр. Ал, жалпы осы Заңның толыққанды жүзеге асып келе жатқанының нәтижесінде бүгінгі таңда ата – ана да, қоғам да педагогикалық мамандықтарға шұғыл бетбұрыс жасады деп айта аламын. Оның нақты дәлелі – биылғы педагогикалық мамандықтарға түскен талапкерлер саны – 588 болса, оның 103 – і үздіктер, қалғандары да мектепті жақсыға аяқтағандар.
Шәкәрім бабамыздың «Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады» деген жақсы сөзі бар. Педагогтың мәртебесі тек оған жағдай жасаумен ғана өлшенбейді. Бүгінгі уақыт талабына сай оқытушы жаңалықты жылдам қабылдап, өзгерістерге тез ілесе алса, ізденімпаз болса, білімі мен парасаты үйлесіп жатса, бәсекеге қабілетті, шәкірті алдында беделді болса, ол оқытушы қашанда мәртебелі.
Оқу орнының алға дамуы үшін қандай нәрселерге басты назар аударар едіңіз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Сөзімнің басында айтып өткендей қазір бір басымда мың ой деп. Мен ең алдымен білім саласындағы ең басты проблемаларды назарға алып келемін. Өйткені, еліміздің білім саласының проблемасы – бәрімізге де ортақ. Ең бастысы – білім сапасының артуына мән берер едім. Себебі, ұрпаққа берілетін білім мазмұнын заманауи жаңартып отыру – бүгінгі күннің басты талабы. Ол үшін оқытушылар біліктілігі, оқулықтар сапасы, заманауи материалдық-техникалық база басты назарымда болады. Аймақтың еңбек сұранысы балансын үнемі сараптап отыру керек деп есептеймін, өйткені, мамандықтарымыздың тағдыры осыған келіп тіреледі. Тағы айта кететін мәселе - бізде әдістемелік семинарлар көп өтіледі, әдістемелік ұсынымдар да көп, бірақ, өз ішімізде қалып жатыр. Енді осы дүниелердің озықтарын жинақтап, «Оқулық» республикалық ғылыми – практикалық орталығына ұсынғым келеді. Қашықтан оқытуда өз тиімділігін көрсеткен «E – college» автоматтандырылған жүйесінің қолданыс аймағын кеңейтсек деген де ой бар. «WorldSkills Kazakhstan» кәсіби шеберлік респуликалық чемпионатында біздің студенттеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Колледжде сол чемпионатқа дайындаудың арнайы орталығын ашсақ деген де мақсат бар. Студенттеріміздің қауіпсіздігі мен олардың келеңсіз әрекеттерге ұрынбауы басты назарда бола бермек. Келесі жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, оның ар жағында оқу орнының 90, Мәншүктің 100 жылдығы тұр. Міне, біздің танымал болатын тұстарымыз. Осыған орай алда өте ауқымды бірнеше жобалар тұр, ол жайлы келесі сұқбатта айтсам деймін.
Ия, бәрін бір сұқбат аясына сыйдыру да мүмкін емес. Енді санаулы күндерден соң Жаңа жыл әрбіріміздің табалдырығымыздан аттайды. Жаңа жылға қандай тілек айтар едіңіз?
Әрбір адам Жаңа жылдан жақсылық, жаңалық күтеді. Өткелі отырған жыл еліміз үшін қанша ауыр болса да, бәріміздің ауызбіршілігіміздің арқасында табыссыз болған жоқ. Ескі жылды құрметпен шығарып салып, Жаңа жылды жақсы ниетпен, үмітпен қарсы алайық! Мына күндер де артта қалып, қалыпты өмірге тезірек оралайық! Жаңа жыл баршамызға толағай табысты, жетістікті, қуанышты жыл болсын! Әрбір шаңыраққа шаттық, дендеріңіздің сау, отбасыларыңыз бен жақындарыңыздың амандығын тілеймін!
Рақмет! Сізге де келе жатқан Сиыр жылы құтты болсын! Жаңа қызметіңізге абырой мен сәттілік тілеймін!
Сұхбатты жүргізген: Назерке БАЙДІЛДА