«Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ педагог мамандарды даярлау: кәсіби серіктестік және тәжірибе» атты облыстық ғылыми – практикалық конференциясы

     2019 жылдың 23 мамыры күні Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалы және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ педагог мамандарды даярлау: кәсіби серіктестік және тәжірибе» атты облыстық ғылыми – практикалық конференциясы болып өтті.Конференция жұмысына облыстық білім басқармасы, оқу-әдістемелік орталығы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің қызметкерлері, Қорқытата атындағы ҚМУ – нің профессор – оқытушылары, инновациялық мектеп директорларының орынбасарлары және мектеп тренерлері, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері, Қызылорда қаласындағы ХББ НЗМ мұғалімдері қатысты.Ұйымдастырушылар шараның секциялық мәжілісінде заманауи мұғалімнің қалыптасуы, болашақ мамандардың кәсіби даярлығы, инновациялық мектептер тәжірибесі, ЖОО - КОЛЛЕДЖ - МЕКТЕП әріптестігі жөнінде диалог алаңын ұйымдастырып, тақырып аясы жан – жақты талқыланды. Конференцияның пленарлық отырысында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры Б.Ә.Сайлыбаев білім беру саласын цифрландыру, Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалы директоры С.Т.Камалова жаңартылған білім мазмұны жағдайында мектепішілік өзгерістерді басқару туралы баяндады. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ – нің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Ж.М.Майгельдиева жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ педагог мамандарды даярлау мәселелері, Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицей директоры Ж.Қ. Тілеуғабылова мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі, НЗМ – нің «Ағылшын тілі» әдістемелік бірлестік жетекшісі А.С.Бекеева педагогтардың зерттеушілік дағдыларын дамыту туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Пленарлық мәжілісте марапаттау рәсімі болып, сертификаттар табысталды. Облыстық шара М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжі өнерпаздарының «Өнерім – Тәуелсіз еліме!» атты шығармашылық концертіне жалғасты.

         

        

 

«Ежелгі өркениет өріс алған өлке» атты ғылыми – теориялық конференция

       2019 жылдың 13 мамыры күні Қызылорда облыстық оқу – әдістемелік орталығы және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау мақсатында «Ежелгі өркениет өріс алған өлке» атты ғылыми – теориялық конференция болып өтті. Алдымен колледж базасында өткен шеберлік сыныптары мен секциялық жұмыстар заманауи цифрлық форматтағы концерттік бағдарламаға жалғасты. Ғылыми – теориялық конференцияның пленарлық мәжілісі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми – әмбебап кітапханасында өтті. Мәжілісте облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н.К.Мыңжасов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты Б.М.Ахметбек, «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КМ мекемесінің инспекторы Б.Т.Омар, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің тарих және қоғамтану пәні оқытушылары С.Малимова, Ш.Керейбаева, 4 курс студенті Арғынбек Нұрайлым баяндама жасап, өз зерттеу, ізденістерімен бөлісіп, пікір алмасты. Пленарлық мәжіліске колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.У.Бахадурова модераторлық жасады.

      

 

ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМ – МӘҢГІЛІК ЕЛІМЕ!

       2019 жылдың 8 мамыры күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫМ – МӘҢГІЛІК ЕЛІМЕ!» атты салтанатты мерекелік шара болып өтті. Салтанатты жиынға колледж ардагерлері, ұстаздар, студенттер және ҚР ҚК қатарындағы әскери қызметкерлер қатысты. Шарада колледждің «Жас сарбаз» клубы мүшелері шерумен жүріп, әскери сап түзеді. Мәншүктің айбынды ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым жасау рәсімі жасалды. Салтанатты шараға қатысушыларды колледж директоры Б.Ә.Сайлыбаев құттықтады.ҚР Ұлттық Ұланы 5547 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Н.Ж.Шегебаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, колледж директорына «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгісін табыстады. Сонымен қатар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 2019 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Ғ.С.Сағынбаев колледж оқытушылары мен студенттерін «Алғыс хатпен» марапаттады. Салтанатты мереке «Япурай» хор ұжымының, «Нұргүл» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасына жалғасты. Шара барысында «Жас сарбаз» клубы мүшелері Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Құлманов Бөрібай ақсақалды Ұлы Жеңіс мерекесінің 74 жылдығымен құттықтады. Жүз жасқа иек артқан қарт жауынгер де жастарға тілегін айтып, батасын берді. Қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан майдангермен кездесудің жастар үшін тәлімі де, рухани өнегесі де мол болары анық. Бүгінгі бейбіт күн, бақытты кезең үшін Ұлы Жеңісті жақындатқан майдангерлерге мың тағзым! Мерекелеріңіз құтты болсын! 

 

 

 

Ынтымағы жарасқан, туған өлкем - Қазақстан!

     2019 жылдың 30 сәуірі күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі «Өнер» бөлімінің ұйымдастыруымен 1 Мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем - Қазақстан!» атты мерекелік шара болып өтті. Киелі білім ордасында бір үйдің баласындай достығы жарасып, білім алып жүрген 7 өзге ұлт өкілдері шараға қатысты. «Бастауыш білім беру» мамандығының 4-курс студенті, түрік ұлтының өкілі Арифова Ханум мерекелік құттықтау лебізін білдірсе, «Музыкалық білім беру» мамандығының 3-курс студенті, кәріс ұлтының өкілі Син Орынбек «Бір ел болсаң» атты ән шашуын тарту етті. Шарада өзге ұлттардың да әндері мен билері орындалып, «Нұргүл» халықтық ән-би ансамблінің бишілері «Достық» биімен мерекені қорытындылады.

   

 

«Жастары белсенді елдің, ертеңі еңселі» атты студент жастар форумы

       Бүгін, 2019 жылдың 29 сәуірі күні Жастар жылы аясында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі көшбасшы жастарының ұйымдастыруымен «Жастары белсенді елдің, ертеңі еңселі» атты студент жастар форумы болып өтті. Форумға аймағымыздағы техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының көшбасшы жастары, ұстаздар қауымы, жастардың түрлі ұйымдарының өкілдері қатысты. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің базасындағы форумның секциялық мәжілістері «Достық» үйіндегі пленарлық кезеңге жалғасты. Форумның пленарлық мәжілісінде «Жас Отан» Жастар қанаты, «Жас сарбаз» қозғалысы, «Мейірім» еріктілер қоғамы, «Жас маман» жобасы, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы, «Саналы ұрпақ» ұйымы бойынша және жас ғалымдар, өнерлі жастар, спортшылар сөз алып, өз ой-пікір, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Қ.Шынтасов «Worldskills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары қатарынан көрінген М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі студенті Фазылов Дияс пен Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің студенті Цагалов Константинді «Medallion for Excelle» медалімен марапаттады. Форумға қатысушылар аймақтың студент жастарына Үндеу жолдады. «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Тілес Талғат Оспанұлы жастарды құттықтап, форумды қорытындылады. Барлық колледж көшбасшыларына Жастар жылының естелік стелласы тапсырылды. 

 

  

 

Алматы марафон-2019

      2019 жылдың 21 сәуірі күні Алматы қаласында «Алматы марафон-2019» атты VIII халықаралық марафондық жүгіру болып өтті. Осынау спорттық дүбірлі додаға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің денешынықтыру пәні оқытушысы Сапарымбетов Дархан мен «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 3 курс студенті Төребек Расул қатысты. Әлемнің 53 мемлекеті қатысқан марафон нәтижесінде Д.Сапарымбетов 10 шақырымды, Р.Төребек 21 шақырымды бағындырып, мәрелік медальмен марапатталды. Халықаралық марафондағы жеңістеріңіз құтты болсын!     

   

 

Нұрлы Наурыз, қош келдің!

     М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2019 жылдың 20 наурызы күні «Нұрлы Наурыз, қош келдің!» атты Наурыз мерекесіне арналған рухани-танымдық сазды шара болып өтті.

  Мерекелік шара өтілетін колледж ауласы тақырыпқа сай безендірілді. Колледждегі әрбір оқу бөлімі Наурыз мерекесінің мәнін ашатындай ақ шатырлар құрып, ішін этнографиялық үлгіде безендіріп, салт – дәстүр, Наурыз жоралғыларынан көрсетілімдер дайындады. Мерекелік салтанатқа колледж ардагерлері, ұстаздар, студенттер, техникалық қызметкерлер, ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты. Мерекені колледж директоры Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлы ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Колледж директоры өз құттықтауында Наурыз мерекесінің тарихына, маңыздылығына, бүгінгі жаңғыру салтына, колледждің өсіп – өркендеуіндегі алдыңғы толқын ардагерлердің, ұстаздар мен қызметкерлердің, студенттердің рөліне ерекше мән берді. Сонымен қатар кеше ғана ел өмірінде болған тарихи сәт – Елбасының өз Президенттік өкілеттілігін тоқтату жөніндегі Қазақстан халқына үндеуі мазмұнына да қысқаша тоқталып өтті. Әсіресе, Елбасының жас қазақстандықтардың тәуелсіз елімізді, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай білулеріне сенім артып, шынайы аманатын айтқандығын да жеткізді.Колледж директорының құттықтауы марапатқа ұласты. «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен колледж директорының орынбасары Е.Қалымбетов және әдебиет пәнінің оқытушысы Б.Ахунов марапатталды. 11 оқытушы облыстық білім басқармасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталса, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық комитетінің «Құттықтауына» - 2 оқытушы, колледж директорының «Алғыс хатына» - 5 оқытушы ие болды. Мұнан соң қатысушыларға «Наурыз. Көктем. Думан!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Бағдарлама Наурыз мерекесінің ерекше атрибуттарының бірі-Наурыз көженің философиялық, рухани мәнін ашатындай «Наурыз көже» атты әдеби сазды, хореографиялық қойылыммен басталды. Мерекелік концертте қазақтың халық әндері, заманауи мерекелік, патриоттық әндер орындалды. Мереке барысында қыз-жігіттер «Алтыбақанда» тербеліп, ұлттық спорттық ойындар көрсетілімі болды және жұртшылыққа наурыз көже ұсынылды.Ардагерлерге арналған «Наурыз дастарханы» жайылып, ерекше құрмет көрсетіліп, «Наурыз – сый» жасалды. Наурыз мерекесі барлық ардагерлерге, ұжымға көтеріңкі көңіл-күй, шаттық сыйлаған күн болды. Наурыз мерекесі құтты болсын!

  

   

 

«Қазақ жазуының тарихы және латын графикасы» тақырыбында облыстық педагогикалық оқу

      М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ұлтымыздың ұлы тұлғасы, алаш қайраткері, педагог Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолын және шығармашылығын насихаттап, меңгеру мақсатында жыл сайын арнайы педагогикалық оқу өткізу дәстүрге айналған болатын.

   Биылғы жылғы жоспарланған педагогикалық оқуды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан нақты жобалардың бірі ретіндегі латыннегізді қазақ әліпбиінің енгізілуімен байланыстырып отыр. 

  Осыған орай, бүгін, яғни, 2019 жылдың 14 наурызы күні Қызылорда облысының білім басқармасының оқу орталығы (Әдістемелік кабинет) және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі бірлесе ұйымдастырған «Қазақ жазуының тарихы және латын графикасы» тақырыбында облыстық педагогикалық оқу болып өтті. 

  Педагогикалық оқуға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы - Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының мамандары мен Қызылорда облыстық Тілдерді дамыту орталығының басшылығы, мектеп мұғалімдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушылары, студенттері қатысты.
     Колледж базасында түске дейін «А.Байтұрсынов-қазақ тіл білімі және әдебиетінің негізін қалаушы» және «Латын графикасының емлелік ерекшеліктері және оны меңгертудің оңтайлы әдістері» тақырыптарымен екі секция отырыстары болды. Онда аталған тақырыптар төңірегінде келелі ойлар, ұсыныстар айтылды. Секциялық отырыстар қорытындысымен Жалағаш ауданынан №123 мектеп мұғалімі С.Орынтайқызы және №7 мектеп –лицей мұғалімі М.Андақұлованың баяндамалары өзекті деп танылып, пленарлық мәжілісте оқуға ұсынылды.

    Түстен кейін қаладағы «Достық» үйінде педагогикалық оқудың пленарлық мәжілісі өтті. Мәжілісті колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Сайлыбаев ашып, латыннегізді қазақ әліпбиіне көшудің ұлт мүддесі жолындағы маңыздылығына, тарихына, Елбасы шешімдеріне тоқтала келіп, тақырып аясында түрлі баяндамаларымен келген ғалымдарға сөз берді. Пленарлық мәжілісте шығып сөйлеген филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ҚР гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, жерлесіміз-Т.С.Тебегенов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары: филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Сәдуақасұлы, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Б.Е.Боранбай, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің қауымдастырылған профессоры А.М.Абасилов, филология ғылымдарының кандидаты, университеттің қауымдастырылған профессоры К.С.Сарышева, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Д.Мұсаева, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі оқытушылары: педагогика ғылымдарының магистрі Б.К.Ахунов және филология ғылымдарының магистрі Г.Ә.Мұхиддиновалар өз баяндамаларында латыннегізді қазақ әліпбиіне көшудің ел дамуындағы рөлі, өзекті мәселелері, түйткіл тұстары, тиімділігі, маңыздылығы жайлы жан – жақты пікір алмасып, ойларын ортаға салды. 

      М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс студенті Нұрлыбай Динара пленарлық мәжілісте жастар атынан сөйлеп, ризашылығын білдірді. 

Педагогикалық оқуға ғалымдардан, колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінен 70 тей баяндама түсті, ол жинақ болып шығып, қатысушылар қолдарына тиді. Секциялық және пленарлық мәжіліс нәтижесіндегі қорытынды ұсыным облыстық әдістемелік кабинет арқылы барлық білім беру ұйымдарына жеткізілетін болады. 

Бүгінгі педагогикалық оқу біздің алдағы жұмыстарымызға жаңа серпін беріп, тың мақсаттарға жетелейді деген ойдамыз.   

   

  

 

«Сұлу көктем нұр шашқан!» атты салтанатты мерекелік концерт

    Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Сұлу көктем нұр шашқан!» атты салтанатты шара болып өтті. Мерекелік салтанатқа колледждің ардагер ұстаздары, Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Шынтасов, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.М.Байназарова, колледж директорлары, оқытушылар, қызметкерлер, студенттер қатысты.Бүгінгі мереке ерекше форматта өтті. Салтанатты шара сазды - хореографиялық композициямен басталды. Колледж директоры Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлының ардагерлерді, ұжымды мерекемен құттықтауы марапатқа ұласты. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахадурова Гүлзира Уәлиханқызы мен колледж оқытушысы, «Япурай» хор ұжымының жетекшісі Куздыбаева Сәуле Әбдіжәмілқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Әріптестерімізді жоғары деңгейдегі марапаттарымен құттықтаймыз! Салтанатты шараның ең көңілді де шуақты сәті – колледж оқытушысы, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурстың, Францияда өткен халықаралық вокалистер байқауының 1-орын иегері, белгілі әнші Ғани Бекмырзаның шығармашылық концерті болды. Концертке М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі оқытушылары, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, колледж студенттерінің "Нұргүл" халықтық ән - би ансамблі мен "Япурай" студенттік хор ұжымы қатысты. Сонымен қатар концертте Ғани Бекмырзаның өнердегі достары: Қазанқап атындағы музыкалық колледжінің оқытушылары Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Гульфайруз Зиядиновалар өнер көрсетті. Көрермендер концерттен жақсы әсер алып, мерекелік көтеріңкі көңілмен тарасты.

  

   

 

Мақсатқа қиялменен қарыштаймын!

     2019 жылдың 6 наурызы күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Драма және қуыршақ театрын ұйымдастыру» атты факультатив сабағынан дәріс беруші К.Жанмұратованың ұйымдастыруымен 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында дәрістер нәтижесіндегі іс – тәжірибелерін насихаттау мақсатында «Мақсатқа қиялменен қарыштаймын» атты мәдени – танымдық шара болып өтті. Аталған шараға ардагер ұстаздар, оқытушылар, «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінің студенттері қатысты. Колледж директоры Б.Ә.Сайлыбаев шарада кіріспе сөз айтып, студенттерге сәттілік тіледі. Шараның «Қыздарға әсемдік жарасады» бөлімінде сымбатты қыздар сахнада жүріп – тұрудың дұрыс қимыл үлгілерін көрсетті. Көрермендер студенттер дайындаған «Африкалық қуыршақтар», «Ақылды көжек», «Балапан – қораз» сынды қуыршақтар театры қойылымдарын тамашалады. «Айгөлек», «Смуглянка» атты ритмдік жаттығулар жасалды. М.Байғұттың «Достық қымбат бәрінен» атты драмалық қойылымы сахналанды. Мәдени – танымдық шара өте көңілді өтті.

 

 

1  Наурыз - Алғыс айту күні

     2019 жылдың 4 наурызы күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Бахадурова, педагог – ұйымдастырушы Қ.Төремұратовтың ұйымдастыруымен «Мейірім» еріктілер тобы Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында болды. Олар оңалту орталығында ем алып жатқан жандарды 1Наурыз - Алғыс айту және 8 Наурыз – аналар мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті. «Өнер» бөлімінің меңгерушісі Р.Бимағамбетова бастаған бөлімнің өнерпаз оқытушылары мен студенттері орталықтағы жандарға ән – билерін ұсынып, жағымды көңіл – күй сыйлады. Ақ халатты абзал жандар мен ем алушылар да өз кезегінде алғыстарын білдірді.

 

 

Каратэ – додан   «GRAND PRIX SLOVAKIA» 37 – халықаралық турнирі

      2019 жылдың 23-24 ақпаны күндері Словакия елінің бас қаласы Братиславада каратэ – додан «GRAND PRIX SLOVAKIA» 37 – халықаралық турнирі болып өтті. Осынау ауқымды деңгейдегі спорттық шараға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі «Денешынықтыру және спорт» мамандығының 3 курс студенті Қонысбек Алишершарип қатысып, 16-17 жастағылар арасында 55 кг салмақта ерекше спорттық жетістікке жетіп, күміс жүлдегер атанды. Әлемнің түкпір – түкпірінен 1118 спортшы қатысқан турнирде біздің Алишершариптің жеңісі оқу орнымыз үшін зор жетістік, үлкен абырой еді. Алда талай спорттық биік шыңдарды бағындыра бер, жеңісің құтты болсын!

 

«Бұрымды ару -2019» облыстық телевизиялық байқауы

    2019 жылдың 2 наурызы күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қазақстан –Қызылорда» облыстық телеарнасы бірлесе ұйымдастырған «Бұрымды ару -2019» облыстық телевизиялық байқауы өтті. Аталған шараға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжіндегі «Инабат» қыздар тәрбиесін үйлестіру орталығы оқытушылары Г.Нұрадинова, Р.Ешпанова, А.Жанкановалардың жетекшілігімен «Әлеуметтік мәдени қызметі және халықтық көркемдік шығармашылығы» мамандығының 3-курс студенті Орман Ақмаржан қатысты. «Таныстыру», «Өнерім менің өрісім», «Қыздың сәні қос бұрым», «Зерделі екен бұрымды...» деп аталатын төрт кезеңнен тұратын байқаудың барлық сынынан сүрінбей өтіп, қазақ қызына тән құндылықтарды айшықтап, бас жүлдеге ие болған Ақмаржанды жеңісімен құттықтаймыз! 

  

 

Ағылшынша білімі бар мамандар даярлаудағы ізденіс пен тәжірибе

   М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2015-2016 оқу жылынан бастап, «Білім-инновация» Халықаралық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум нәтижесінде 0111000-«Негізгі орта білім беру» мамандығының 0111113-«Ағылшынша білімі бар математика пәні мұғалімі», 0111123-«Ағылшынша білімі бар физика пәні мұғалімі», сонымен қатар 0111093-«Информатика мұғалімі» біліктіліктері бойынша ағылшын тілді мамандар даярланып келеді. Мақсатымыз - келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті, білікті маман қалыптастыру. Осыған орай, 28 ақпан 2019ж. күні «Физика-математика» бөлімі мектептегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудағы әдіс-тәсілдер мен туындайтын қиындықтар, кіріктіре оқытудағы өзгерістер т.б. өзекті мәселелер жайлы тәжірибе алмасу, сонымен қатар студенттерді болашақ кәсіби қызметіне бейімдеу, мектептің математика, физика және информатика мұғалімдерімен әріптестік байланысты нығайту мақсатында «Ағылшынша білімі бар мамандар даярлаудағы ізденіс пен тәжірибе» атты әдістемелік семинар өткізілді. Әдістемелік семинарға облыстық дарынды балаларға арналған №10 «Білім-инновация» лицей-интернатының, Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар "Мұрагер" мектебінің, №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп және №11, 264 мектеп-лицейдің физика, математика, информатика мұғалімдері, "Білім-инновация" Халықаралық қоры әдіскері Юнус Гюнеш пен "Физика-математика" ПЦК жетекшісі Гүлназ Жұмағұлова және бөлім оқытушылары қатысты. Семинар барысында ағылшын тілінде математиканы оқыту пәнінен оқытушы Разия Молдабекова "Equation of a parabola», ағылшын тілінде физиканы оқыту пәнінен оқытушы Майра Мантенова «Рarallel and series connection», программалау тілі пәнінен оқытушы Қайырболат Амренов «Программаларды құрудың кіріктірілген орталары», шет тілі пәні оқытушысы Бозкая Мутебер «In town» тақырыптарында сабақтар көрсетіп, іс-тәжірибе алмасылды. Сонымен қатар CLIL әдісін кіріктіре оқытуда оқытушы-әдіскер Жеңіскүл Құлманованың жетекшілігімен «Сабақты жаңа формат бойынша өткізу әдістері» тақырыбында Байқау практикасына дайындық жұмыстары, математика пәні оқытушысы Қайрат Жұмағұловтың жетекшілігімен «Математикалық индукция әдісі» тақырыбында «Интеграл» үйірмесінің жұмысы, физика пәні оқытушысы Әлішер Сағынбаевтың жетекшілігімен «Arduino жиынтығын физика пәнінде қолдану» тақырыбында «Жас физиктер» үйірмесінің жұмысы көрсетілді. Әдістемелік семинар соңында №264 мектеп-лицейдің физика пәні мұғалімі Сәрсенбай Әлия, «Мұрагер» мектебінің физика пәні оқытушысы Рысбекова Жибек, №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі Бақбергенова Жадыра семинардың мұғалімдердің кәсіби шыңдалуына, ағылшын тілінде әдістемелік тұрғыда тілдік білімін арттыруына, дамытуына және ізденуіне көп ықпалы болғандығын айтып, ризашылықтарын білдірді. Бұдан соң "Физика-математика" бөлімі меңгерушісі Нұргүл Сауяева мұғалімдерге семинарға қатысқандығы жөнінде анықтамалар тапсырды.

  

 

Физика пәнінен  пәндік олимпиада жеңімпаздары

     22 ақпан 2019ж. күні 2019 – Жастар жылы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің білім алушылары арасында физика пәнінен олимпиада ұйымдастырып, олимпиадаға қалалық колледждерден барлығы 49 студент, оның ішінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 0111000-«Негізгі орта білім беру (0111123-«Ағылшынша білімі бар физика пәні мұғалімі)» мамандығынан 12 студент қатысты. Олимпиадаға қорытындысы бойынша жүлделі орындарды М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері иеленді. Атап айтқанда, І дәрежелі дипломмен Темірнұр Қарлығаш (жетекшісі Ж.Құлманова), ІІІ дәрежелі дипломмен Серік Аружан (жетекшісі Ж.Құлманова) және Құдайбергенова Тұрсынкүл (жетекшісі Б.Мұсатаева) марапатталды. Студенттерімізді жеткен жетістіктерімен құттықтаймыз және физика ғылымын шығармашылық ізденіспен одан әрі меңгеруде мол табыстар тілейміз!

   

 

Латыннегізді қазақ әліпбиінің жанашырлары

    Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде  болып өтті. Сайыстың мақсаты: «Латыннегізді қазақ әліпбиі және оның емлесі» тақырыбындағы оқытушыларға арналған курстың жазылым кезеңін қорытындылау, латын графикасына негізделген әліпбидің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының мәселелерін талдау, оқытушылардың практикалық тұрғыда меңгеруін жан-жақты қамту, латыннегізді қазақ әліпбиін меңгертуді оңтайландыру жолдарын қарастыру. Бес кезеңнен тұратын сайыс нәтижесінде «Дене тәрбиесі және туризм» бөлімінің «Алаш ұрпақтары» тобы І орын, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» бөлімінің «Нұрлы ұстаздар» тобы ІІ орын, «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінің «Латын жанашырлары»тобы ІІІ орындарды иемденді. «Өнер» бөлімінің «Самғау» тобы «Шығармашыл топ», «Шетел тілі» бөлімінен «Creative G» тобы «Креативті топ», «Математика, информатика және ақпараттық жүйе» бөлімінің «Новатор» тобы «Латын білгірлері» номинациясымен марапатталды.

 

 

«Әлемдік озық біліммен-сананы рухани жаңғырту» тақырыбындағы облыстық семинары

     Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы аясында мемлекеттік тілге аударылған әлемнің 18 үздік оқулығын таныстыру мақсатында «Әлемдік озық біліммен-сананы рухани жаңғырту» тақырыбында облыстық семинар болып өтті. Семинар барысында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Б.Қожамберлиев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары - университеттің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист А.Абасилов, академиялық доценті Ш.Иманғалиева, педагогика-психология кафедра оқытушысы, магистр А.Ахметова, «Экономика және менеджмент» кафедрасының оқытушылары, э.ғ.к. К.Утегенова, М.Умирзакова, А.Шайнұров, колледждің ардагер ұстазы, экономика пәні оқытушысы Ғ.Бекқожаева, қоғамдық пәндер оқытушысы С.Малимовалар қазақ тіліндегі шетелдік авторлардың еңбектері мазмұнымен таныстырды. Аталған шараға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары, студенттер қатысты. Семинарға колледждің қоғамдық пәндер оқытушысы Г.Исаева модераторлық жасады.

  

 

«Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу»  тақырыбындағы семинар

      2019 жылдың 15 ақпаны күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ оқытушысы Ұ.Ешимованың жетекшілігімен «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында кураторларға арналған семинар болып өтті. Шара барысында топ жетекшілері өздерін толғандырып жүрген сауалдарға жауап алып, түрлі жағдаяттардан шығу жолдары жайлы кеңінен ой бөлісті. Семинарға қатысқан 35 кураторға арнайы куәлік тапсырылды. 

   

 

"NOMAD RACE" халықаралық кедергілермен жүгіру жарысы

      Алматы қаласында ақпан айының 15-16 жұлдызы күні өткен "NOMAD RACE" халықаралық кедергілермен жүгіру жарысына М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен Т.Нарымбетов, Д.Сапарымбетов, А.Тлеуов қатысып 107 спортшының арасынан нәтижесінде Д.Сапарымбетов жүлделі 3 орын алды, А.Тлеуов және Т.Нарымбетов үздік 20- лықтың қатарына кірді.

 

 

WorldSkills Kazakstan Ұлттық чемпионатына колледжішілік іріктеу кезеңі

        2019 жылдың 12 ақпаны күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде WorldSkills Kazakstan Ұлттық чемпионатына колледжішілік іріктеу кезеңі өткізілді. Аталған байқауға «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша «Негізгі орта білім (информатика)» және «Ақпаратты қорғау технигі» мамандықтарының 18 студенті қатысты.

      Әділ қазылар құрамында А.Қуанышбаев («Grand Master» оқу орталығы басшысы), С.Салиева (№11 мектеп-лицейінің информатика пәні оқытушысы) және Қ.Амренов (№10 «Білім-инновация» лицейінің информатика пәні оқытушысы) болды. Байқау қорытындысында Әбдіраманов Елдос (ЭЕТ-А-18 тобы) І орын иемденсе, ІІ және ІІІ орындарды Жолмағанбетова Айзат (ИИ-16 тобы) және Қалтаева Әсия (ДЗ-О-15 тобы) бөлісті.

      Сонымен қатар WorldSkills Kazakstan Ұлттық чемпионатының «CAD инженерлік графика» құзіреттілігі бойынша «Дизайн» мамандығының 6 студенті бақ сынасты. Аталған іріктеу кезеңіне «ЕуроДизайн-Мухайн» ЖШС директоры М.Қалымбетов, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Б.Ш..Есенбаев, «Бейнелеу өнері» пәні оқытушысы И.Шамшатовалар қазылық жасады.

     Кезең нәтижесінде мамандықтың 4 курс студенттері Байзақ Маржан І орын, Көшекеева Нұрай ІІ орын, Нариман Тахминэ ІІІ орын иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді, барлық қатысушылар «Алғыс хатпен» марапатталды. Чемпионаттың колледжішілік іріктеу кезеңін ұйымдастыруда оқытушылар Ғ.Балтабаев пен Н.Арқабаев үлкен жауапкершілік танытты. 

 

 

Жеңіс шыңынан көрінген жастар

      2019 жылы 21-29 қаңтар аралығында Қостанай қаласында өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейіңгі ұландар және қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 64 келі салмақ дәрежнсінде І орынды иеленген Үмбетова Айғанымды, 81 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды иеленген Кипшакпай Динараны, және де командалык сайыста ІІІ орын алуына ұпайларын қосқан Дөненбай Асылзат, Кипшакбай Салтанатты колледж директоры шын жүректен құттықтады.

    

 

Қызылша (корь) ауруын алдын алу

           Қызылша – вирус арқылы тарайтын тез (жедел) жұғатын жұқпалы ауру. Қызылша ересек адамдардан гөрі балалар (әсіресе, 2-10 жас аралығында) жиі шалдығады. Ауру науқас адамнан сау адамға жөтелгенде, сөйлескенде, түшкіру кезінде жұғады. Сондай-ақ, науқас баланың ойыншығы, ыдыс-аяғы, т.б. арқылы да таралады. Қызылшамен бір рет ауырған адам екінші рет ауырмайды. Қызылшамен бұрын ауырмаған жүкті әйелдер сақтануы керек. Әсіресе, алғашқы 3 айда. Жұқтырған жағдайда құрсақтағы нәрестенің өміріне зиян келуі, не әйел түсік тастауы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі орта есеппен 11-21 күнге дейін созылады.

        Қызылшаның алдын алу жолдары: Қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн.Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды.Жас балалар организмінің қызылша ауруына қарсы тұрып,олардың жетіліп, ет алуы қажет.1және 6 жас аралығында егу жұмыстары дер кезінде жүргізілгені жөн.

    

    

 

«Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу

      Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі жастары үшін ерекше күн. Еліміздің болашақта дамуын айқындайтын Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатын колледж ұстаздары мен студенттері барлық оқу ғимараттарында тікелей эфир арқылы тамашалады.

Түрлі салалар бойынша табысты еңбек етіп жүрген жастардың жалынды сөздерін, ұсыныстарын мән бере тыңдаған Елбасының құттықтауы, жастарға арналған заманауи жоба, бағдарламалары көпшілік көңілінде ерекше қуаныш ұялатты.

    Әсіресе, Елбасының жастарды баспанамен, жұмыспен, жатақханамен қамту, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын барлық аймақта енгізу, жастар бастамаларына бағытталған грантты екі есе көбейту, студенттерді бизнеске тарту, «Дипломмен – ауылға» жобасын жандандыру, еріктілер қатарындағы студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға өсіру сынды тапсырмалары жастардың ертеңге деген сенімін арттырары анық.

    Алда «Жастар – ел тірегі» атты ауқымды жобада осы айтылғандар түгел қамтылады Сонымен қатар форумда Елбасы айтқан «Жасыл қала» жобасы мен «Жас сарбаз» қозғалысы аясында әскери – патриоттық тәрбие беруді одан әрі жалғастыру, туризмді дамыту да жастар үшін жасалып жатқан игіліктер.

    Жастар форумын тікелей көрсетілім арқылы көріп, тыңдап болғаннан кейін, колледж директоры Б.Ә.Сайлыбаев салтанаттың маңыздылығы, Елбасы тапсырмаларының әсіресе, оқу орнына қатысты тұстарына жан – жақты тоқталды.

   Жастар форумындағы Елбасы қамқорлығын, өздеріне деген зор мүмкіндіктерді, қолдауды сезінген жастар да жаңаша жігермен, жасампаз істерімен үн қосып, бастамашылық, көшбасшылық танытады деген ойдамыз. 

   

 

«Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіру» оқу семинары

     М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2018 жылдың 22-28 желтоқсан, 2019 жылдың  12-18 қаңтар аралығында  педагогикалық мамандықтардың IV курс студенттеріне арналған «Бітіруші топ студенттерінің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіру» тақырыбында 72 сағаттық оқу семинары өткізілді. Семинарды колледждің ұйымдастыруымен  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының    тренер-оқытушылары Ж.Исаева, Ж.Ахметова, Г.Таласбаева, Қ.Сағымбаев, С.Жақсылық, Ж.Нақыпбаева, М.Смағұлова өткізді. 

    Оқу семинарына колледждің бітіруші топ студенттері үлкен қызығушылықпен белсенді түрде қатысты.  Оқу семинары  барысында студенттер жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктерін, бағалаудың түрлерін, сараптау тәсілдерін, дескриптор құруды, сабақты жоспарлауды, интербелсенді әдістерді тиімді қолдана білуді меңгерді.

    Семинар соңында қорытынды конференция ұйымдастырылып,   72 сағаттық бағдарламаны толық меңгерген 281 студентке «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының сертификаттары табысталды.

 

 

«Өлкетану» оқулығының тұсаукесері

     2019 жылдың 18 қаңтары күні Қызылорда облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі базасында аймағымыз бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің 5 – 7 сыныптарына арналған «Өлкетану» оқулығының тұсаукесері болып өтті.

   Аталған оқулық Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жас ұрпақтың бойында туған жеріне, оның тарихына, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастырып, өлкенің белгілі тұлғаларын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жарық көрген болатын.

   «Өлкетану» оқулығының тұсаукесер шарасын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы «Ақпарат толқыны» бөлімінің басшысы Г.Ш.Әшірбекова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облысымызда жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Аталған оқулықтың редакциясын басқарған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев оқулықтың мазмұнына жан – жақты тоқталса, авторлар құрамының мүшесі Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Сәтбай оқулықтың жазылу барысы, ерекшелігі, кездескен қиындықтар, маңыздылығы жайлы айтты.

  Оқулықтың тұсаукесер рәсімін жасау ардагер ұстаз Н.Сармағамбетоваға ұсынылды. Шараға сонымен қатар Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы М.Т.Мелдебекова, басқарма басшысы орынбасары А.Б.Қасымова, басқарма қызметкерлері, бір топ ғалымдар, кітап авторлары, қала, аудан мектептерінің мұғалімдері, музей қызметкерлері, колледж оқытушылары қатысты.

   Кітаптың тұсаукесер шарасына облыстық тарихи – өлкетану музейі тарихи-этнографикалық көрме жасады.  Аталған оқулықтың Елбасының «Туған жер» бағдарламасы мен кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы талаптарының орындалып, өскелең ұрпақтың өз еліне, жеріне деген махаббатын арттырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосары сөзсіз.

 

 

«Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы

    М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің белсенді, көшбасшы жастары Жаңа жыл қарсаңында, яғни, 2018 жылдың 29 желтоқсаны күні «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. 

     Олар қаламыздағы №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында, «Атамекен» балалар ауылында, сәбилер үйінде болып, қарттар, балалар, сәбилерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый – сияпаттарын табыстады.

     Колледждің өнерлі жастары жаңа жылдық концерттік бағдарлама ұйымдастырып, мерекелік ән – билерін арнап, жақсы көңіл – күй сыйлады. Колледждің көшбасшы жастары тарих қойнауына кеткелі отырған 2018 жылды осындай ізгілікті шаралармен қорытындылады.

     Жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейтін мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

 

 

Жаңа жылдық акция

   М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері өз идеяларымен қала тұрғындарына мерекелік көңіл – күй сыйлау үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Олар жаңа жыл қарсаңында «Жібек жолы» ойын – сауық орталығына келген қала тұрғындарына өз бағдарламаларын ұсынды.

Колледждің белсенді, көшбасшы, өнерпаз жастары флешмоб, халықаралық байқау жеңімпаздары - «Япурай» хор ұжымының шығармалары, «Нұргүл» халықтық ән – би ансамблінің көңілді әндері мен билері арқылы өздерінің шынайы құттықтауларын жеткізді.

   Шара барысында жаңа жылдық түрлі персонаждар костюмдерін киген студенттер мерекелік құттықтаулар таратып, кішкентай бүлдіршіндермен де ойын – сауық өткізді. Мұндай рухани маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

   

 

Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй

      М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі тарихының әрбір беті жетістіктер мен жаңалықтарға, тың бастамаларға, қуанышты оқиғаларға толы. Бүгін де оқу орны үшін ерекше күн.

    Жаңа жыл мерекесінің алдында колледж ұжымы Сыр елінің қайраткер тұлғаларының бірі, саясаттану ғылымдарының докторы, Қызылорда облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Мұхамедов Мұрат Бақтиярұлымен кездесу өткізді.

    Рухани – танымдық маңызы бар жиынды колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев ашып, ғасырға жуық тарихы бар білім шаңырағының қол жеткен табыстары мен жетістіктерін баяндады. Мұнан соң М.Б.Мұхамедов сөз алып, еліміздің білім беру саласындағы соңғы кезеңдегі реформалар мен оң өзгерістерге тоқталды. Әсіресе, мұғалім мәртебесі туралы заңның дайындалу барысы, ондағы мәселелер туралы көптеген тың ойларын ортаға салды.

Кездесудің қуанышты да ерекше сәті – колледждің музыка пәнінің оқытушысы Кенжеғараева Айқын Сүлейменқызына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсыру салтанаты болды. Жас ұрпаққа білім беру мен өнерді ұштастыра білген Айқын Сүлейменқызы осы марапатқа әбден лайық жан.

    Ұжымның барлық мүшелері әріптестерінің марапатына шын көңілден қуануда. Біз де Айқын Сүлейменқызын мемлекеттік жоғары марапатымен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық, кәсіби табыстар тілейміз!

 

 

«Латыннегізді қазақ әліпбиі, емлесі және оны меңгертудің оңтайлы әдістері» атты семинар

         М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2018 жылдың 27 желтоқсаны күні «Латыннегізді қазақ әліпбиі, емлесі және оны меңгертудің оңтайлы әдістері» атты семинар болып өтті. Шараның мақсаты – латын графикасына негізделген әліпбидің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының мәселелерін талдау, колледж оқытушылары дайындаған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жедел меңгертуге арналған көмекші оқу құралдарын презентациялау.

      Осы мақсатта мұнан бұрын да ғалымдармен, әріптестермен бірнеше рет пікір алаңы ұйымдастырылған болатын. Семинарға Қызылорда облыстық Тілдерді оқытудың өңірлік орталығының оқу – әдістемелік бөлім басшысы Ә.Бақытова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ф.ғ.д, профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы, «Өрлеу» БАҰО филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Ж.А.Исаева және қала мектептерінің мұғалімдері, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.

     Семинарды колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев жүргізіп отырды. Семинар қонақтары тақырыпқа сай колледж оқытушылары дайындаған бірнеше практикалық сабақтарға, арнайы курсқа қатысты. Сонымен қатар колледждегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының дайындаған көмекші оқу құралдарымен таныса отырып, жан – жақты пікір айтып, өз ойларын ортаға салды.Жеңіс Сәдуақасұлы қазақ тілінің жаңа емлесінің назар аударатын тұстарына нақты тоқталды және колледж оқытушылары дайындаған оқу – әдістемелік, электронды көмекші оқу құралдарын мектептердің бастауыш сыныптарында пайдалануға болатындығын да айтып өтті.

     Мектеп мұғалімдері өз кезегінде университет ғалымдары, колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдерінің қатысуымен өтілетін осындай семинар, пікірлесулердің латын графикасына негізделген әліпбиді жылдам меңгеруге көп көмегі болатынын айта келе, көмекші оқу құралдарына қызығушылық танытты, таратуға ұсыныс жасады. Қатысушылар арнайы дайындалған «Латыннегізді қазақ әліпбиі – болашақтың бағдары» атты көрмені тамашалады. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 

 

"Стрит варкауттан" облыстық турнирі

 

Тәуелсіздікті ту еткен Қазақстан!

      Тәуелсіздік мерекесіне орай М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Тәуелсіздікті ту еткен Қазақстан!» атты мерекелік шара болып өтті. Шараның мақсаты - Тәуелсіздіктің 27 жылындағы Қазақстанның қол жеткен табыстарын, ұлттық құндылықтарды паш ете отырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттер қалыптастыру. Мерекелік шарада «Тәуелсіз елдің толағай табыстары» тақырыбында тарих пәнінің оқытушысы Г.Исаева баяндама жасады. Колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев ұжымды мерекемен құттықтап, бір топ табысты оқытушылар мен студенттерді марапаттады. Көркемсөз оқу шеберлері Тәуелсіздік жайлы толғаулар айтып, жүрекжарды жырларын оқыды. Тәуелсіздік мерекесі колледждің өнерпаз оқытушылары мен студенттерінің концертіне ұласты.

   

 

STARTUPBOLASAK “Менің арманым" Республикалық Конкурс

    М Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Студенттері Фазылов Диас пен Қорғанбек Досжан 13-15 желтоқсанда Астанадағы IT- стартап "АstanaHub” xалықаралық теxнопаркінде өтетін ҚР Білім және ғылым министрлігімен ұйымдастырылған STARTUPBOLASAK “Менің арманым" Республикалық Конкурсының финалдық кезеңіне қатысуда. Біздің талантты студенттеріміз 4359 сайыскер қатынасқан конкурстың жыл көлемінде өткен бес кезеңінен де сүрінбей өтіп, соның ішінен іріктелген ең үздік деген 34 жобаның бірі болып финалдық сайысқа жолдама алған болатын. Студентеріміздің Сыр елінің абыройын асырып жеңіспен оралуын тілейміз!!!

 

 

«Язык-путь к познанию»

13 декабря 2018 года в Кызылординском педагогическом высшем колледже в рамках недели отделения «Иностранный язык» прошла традиционная предметная олимпиада по русскому языку «Язык-путь к познанию», организованная преподавателями Сулейменовой Л.К., Камысбаевой С.А., Куанышбаевой Г.А. В предметной олимпиаде приняли участие студенты 1-2-х курсов учебных заведений технического и профессионального образования с нерусским языком обучения. Для определения знаний студентов работала компетентная комиссия в составе : Майгельдиева Ш.М.-доктор педагогических наук, профессор Кызылординского государственного университета имени Коркыт Ата, Сарсенова Д.У- кандидат педагогических наук, старший преподаватель Кызылординского государственного университета имени Коркыт Ата, Уразова Ж.К.- учитель русского языка и литературы высшей категории СШ № 217. По результатам олимпиады выявлены лучшие знатоки русского языка: І-место- Әужанов Дамир – студент Кызылординского аграрно-технического высшего колледжа имени И.Абдукаримова, ІІ-место-Сагинтай Бахытжан- студент колледжа строительства и бизнеса имени С.Искакова, ІІІ-место- Құрманай Дамир, Досман Нұрай- студенты Кызылординского многопрофильного гуманитарно-технического колледжа.

 Данная олимпиада проводилась в целях воспитания толерантности у молодежи и развития познавательной активности в овладении русским языком. Поздравляем победителей и желаем дальнейших творческих успехов!

  

 

Тәуелсіздік - мәңгілік ел тұғыры

      11 желтоқсан 2018 ж. күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің "Физика-математика" бөліміне қарасты 0111000-"Негізгі орта білім беру (0111113-"Ағылшынша білімі бар математика мұғалімі )" мамандығының 3-курс МЛ-16 тобы студенттері "Білім-инновация" халықаралық қорының математика пәні оқытушысы, ағылшын тілді тәлімгері Молдабекова Разия Абдуаитовнамен бірге Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне арнап тәрбиелік шара өткізді. Шарада студенттер Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, мемлекеттік рәміздер мен ресми мерекелерді, салт-дәстүр атаулары мен әдет-ғұрыптарын, Қазақстанның байлықтары мен ірі қала, жер-су аттарын ағылшын тілінде сұрақ-жауап, бейнематериалдар, интерактивті әдістер арқылы талқылап, танымдық ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар студенттер Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын quizlet онлайн әдісі арқылы мазмұнын оңай жолмен меңгеріп, өзіндік ой-пікірлерін айтты. Шара соңында топ студенті Аружан Сүлейменқызы Тәуелсіздік күніне арнап, өз өлеңін оқыды.

  

 

Облыстық жас ақындар мүшайрасы

  2018 жылдың 6 желтоқсаны күні Тәуелсіздік мерекесіне орай «Мақтанышым, айбарым, желбіре, көк байрағым!» атты облыстық жас ақындар мүшайрасы өтті. Аталған шараға колледждің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің 4 курс студенті Назар Бекарыс қатысып, жүлделі І орын, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» бөлімінің 3 курс студенті Өмірзақ Ақниет жүлделі ІІ орын иеленді. Ардагер-ұстаз Р.Наурызбаева жас ақындарға ұстаздық, аналық ақ батасын берді.       Облысымыздың барлық өңірінен 21 қатысушы бақ сынасқан жыр додасында біздің студенттеріміздің осындай табыстарға жетуі, шын мәнінде, үлкен мақтаныш. Шаршы топта жеңіс тұғырынан көріне білген талантты шәкірттеріміздің поэзия әлеміне терең бойлап, алда талай биік асуларды бағындыра беруіне тілектеспіз! Мәңгілік еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

  

 

«Worldskills Kazakhstan» Ұлттық чемпионаты

2018 жылы желтоқсан айының 3 – 7 күндері Астана қаласында «Worldskills Kazakhstan» Ұлттық чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Есептеуіш техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4 курс студенті Фазылов Диас Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжі студенті Цаголов Константин екеуі Қызылорда облысы атынан «Желілік және жүйелік басқару» құзіреттілігі бойынша команда болып қатысты. Өткен оқу жылында Ұлттық чемпионаттың облыстық кезеңінде К.Цаголов І орын, Д.Фазылов ІІ орын алған болатын. Республика бойынша 11 команда қатысқан Ұлттық чемптонатта Диас пен Константин ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы сертификатын және «Medallion for Excelle» медалін иемденді. Табыс жаңа шығармашылық бастамаларға жетелей берсін!

        

 

Болашаққа нық қадам

    «Тарихта өткенді еске алу үшін ғана емес, сонымен қатар келешегімізді бағамдау үшін де еріксізден кешегімізге көз жеткізетін тұстар бар», - деген Елбасы қағидаты ұлы дала перзенттерінің өзінің өткенін дұрыс танып, құрмет сезімдерінің қалыптасуына ықпал ететіндігіне меңзейді.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласының ерешелігі сол, алдымен ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшемі жөніндегі толғауларын айта келіп, Ұлы дала өркениетінің жеті қырын айшықтайды, олар: атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, «аң стилі», Алтын адам, Түркі әлемі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстанның алма мен қызғалдақтар отаны екендігі.

Мақала мазмұнының тағы бір маңыздылығы - біз тек кім екенімізді, өткен тарихымызды танып қана қоймаймыз. Алдағы уақытта зерттейміз, зерделейміз. Ол үшін Елбасы өз мақаласының екінші - «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде бірнеше ауқымды жобалар ұсынып отыр.

«Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу – ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын қолға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер мен технологиялар музейін ашу, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, тарихтың кино өнері мен телевизияда көрініс табуы – міне, Ұлы даланың жеті қырын зерделеудің айқын бағыттары осы.

Елбасы мақаласындағы «Отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс» деген ойлары бізге етене қатысты. Себебі, біз мектептерге кәсіби мамандар дайындап жатқандықтан, айтылған жоба, бағдарламалар аясында өз жұмысымызды жаңаша үйлестіруіміз қажет.

Бүгінгі жасалып жатқан қандай бір дүние болмасын, ол – болашаққа аманат, келешек ұрпақтар игілігі үшін. Сондықтан да аталған жобаларға жастарды белсенді қатыстыру керек. Міне, осы тұста Елбасы да баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін пайдалану керектігін де айтып өтеді.

Сондықтан да Елбасы мақаласындағы тың бастамаларды басшылыққа алып, жастарға тереңінен насихаттау – зиялы қауым, оның ішінде ұстаздардың басты міндеті. Әсіресе, тарих және қоғамдық ғылым оқытушылары осы мақала мазмұнындағы маңызды ойларды пайдаланып, шәкірттерінің тарихи санасына серпіліс жасауға бет бұрғандары дұрыс.

Ендігі жерде шәкірттерге өткен тарихты тек жаугершілік, үрейлі оқиғалармен ғана емес, біздің әлемдік ғылымның, мәдениеттің дамуына үлес қосқан халық екендігімізбен байланыстыра жеткізу керек. Осы тұста ұстаздардың өзі ескі тарихи тұжырымдардан құтылып, өздерінде жаңашыл көзқарас қалыптастырулары қажет.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасының аясында оқу орындарында қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу арқылы жастарымыздың санасына жақсы серпін беріп, өткенді бағалауға, келешекке нық қадам жасауға мүмкіндік береміз.

Біздің ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын халық ауыз әдебиеті үлгілерінің таңдаулыларын жинақтау да Елбасы назарынан тыс қалмаған. Аталған мақалада Ұлы дала мұрагерлерінің өткен ғасырлардағы үлгілерінің «Дала фольклорының антологиясы» жобасы аясында жинақталатыны айтылған. Бұл – бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы тәлімі мен тәрбиесі мол мәдени мұра болып қалары анық.

Біздің студенттеріміздің ақпараттың көп бөлігін әлеуметтік желілерден, интернеттен алатыны белгілі. Сондықтан да заманауи технологияны пайдалана отырып, әлемге танымал блокбастерлер мен фэнтези жанрында осы Ұлы даланың жеті қырын айшықтайтын тарихи фильмдер түсірілсе, технологияның ең соңғы заманауи үлгілерін қолдана отырып, мазмұны ерекше музейлер жасақталып, көрмелер ұйымдастырылса, жастардың қызығушылығы артары да сөзсіз.
Елбасы мақаласы – өткенімізді зерделеп, оны бүгінімізбен байланыстырып, ертеңімізбен сабақтастыра отырып, жастар санасында болашаққа деген позитивті көзқарас қалыптастыруға жол ашады.

 

«Қызылорда-Ақиқат Айнасы»

29 қараша күні Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Қызылорда-Ақиқат Айнасы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен өткізілген техникалық және кәсіптік оқу орындарының жастары арасындағы өнер фестиваліне М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Физика-математика» бөлімі студенттері қатысты. «Сүйікті қалам - Қызылорда» атты видеороликтер сайысына бөлім студенттеріне информатика пәні оқытушысы Лилия Ауханова жетекшілік жасап, 200 жылдық тарихы бар Қызылорда қаласының білім ордалары, медицина орталықтары, спорт кешендері, демалыс орындары, сауда орталықтары мен құрылыс, өнеркәсіп т.б. орындарын және олардың қала халқының игілігіне пайдаланылып жатқандығын үздік шығармашылықпен көрсете білді. Өнер фестиваліне Информатика мамандығы студенттері Айзат Жолмағанбетова, Асылзат Бақтыбаева, математика мамандығы студенттері Досбол Нұрылла, Ерасыл Мұхит сынды студенттер шығармашылық идеяларымен белсенді ат салысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

     

 

«Ұлы даланың жеті қыры»

     М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі тарихының әрбір беті ұрпаққа өнегелік із қаларлықтай маңызды оқиғаларға толы. Соның бірі –Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған «Төл тарихын бағалау – ел табыстылығының кепілі» атты дөңгелек үстел.

Аталған шараны колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев жүргізіп отырды. Рухани – танымдық мәні бар басқосуға аймағымызға белгілі ғалымдар - философия ғылымдарының докторы, профессор, «Өрлеу» БАҰО» Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Б.Қожамберлиев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт ата атындағы ҚМУ – нің Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедра меңгерушісі А.Ж.Оразбақов, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.К.Мыңжас, Қызылорда облыстық тарихи – өлкетану музейінің ғылыми хатшысы А.Қ.Сайлау қатысып, мақаланың өзектілігін, ерекшелігін, мақсат - міндеттерін оқытушылар мен студенттерге жан – жақты баяндады.

   Сонымен қатар колледждің тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы С.Малимова және педагогика пәні оқытушысы Ұ.Қалиева да Елбасы мақаласындағы айтылған ойлардың, бағдарламалар мен жобалардың колледжде оқытылатын пәндермен сабақтастығы, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

   Жастар атынан «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 – курс студенті Аппаз Гүлзат сөйлеп, Елбасы мақаласының жастар үшін маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде студенттер келген қонақтарға мақала мазмұнына байланысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

        

 

Халықаралық студенттер күні

Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде Халықаралық студенттер күніне орай «Естен кетпес сәт – студенттік шақ» атты мерекелік кеш болып өтті. Рухани мәні бар салтанатты шара жастардың студенттік кезеңдерінің барлық сәттерін бейнелейтін сазды – хореографиялық қойылыммен басталды. Мұнан соң колледж директоры Б.Ә.Сайлыбаев студенттерді төл мерекелерімен құттықтай отырып, осы мейрамның шығу тарихы, мемлекетіміздің, Елбасының, аймақ басшысының жастарға жасап жатқан қамқорлығы мен қолдаулары жайлы қысқаша баяндап өтті. Мереке аясында жетістікті, табысты студенттер түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Бітіруші курс студенттері 1 курс студенттеріне «Білім кілті» мен аманат хат табыстады. Салтанатты шара колледждің өнерпаз жастарының ән – биіне ұласты.

   

 

«Колледж аруы – 2018»

Халықаралық студенттер күні қарсаңында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Колледж аруы – 2018» атты сайыс өтті. Сайыстың мақсаты – сыры мен сымбаты, ақылы мен парасаты, талғамы мен талабы үйлесім тапқан колледж аруын анықтау арқылы жастарға рухани – эстетикалық тәрбие беру болды. Бес кезеңнен тұратын сайыста колледждегі түрлі мамандықтар бойынша 14 ару бақ сынасты. Нәтижесінде «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінің студенті Алиханова Айдана бас жүлде иемденіп, «Колледж аруы» атанды. Жүлделі І орынға «Бастауыш педагогикасы» бөлімінің студенті Тыныштық Дариға ие болса, ІІ орынды «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің студенті Қожабай Махаббат алды. Жүлделі ІІІ орынды да осы бөлімнің студенті Бақберген Алина иеленді. Барлық қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды. Колледждің ару қыздарының сән мен сымбат кеші барлық жастарға мереке тұсында көтеріңкі көңіл – күй сыйлады.

   

 

«АШЫҚ ІТ-АЛАҢ»

2018 жылдың 11 қазаны күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «АШЫҚ ІТ-АЛАҢ» - Қызылорда облысы ІТ мамандарының кездесуі болып өтті. Кездесудің мақсаты: студент жастардың ғылыми, рухани әлеуетін қолдау және дамыту, ІТ инновациялық технологияларды қолдану шеберлігінің қалыптасуына ықпал ету болатын. Бүгінгі кездесудің негізгі түйіні – өндірісте өзінің ізі бар толыққанды маман мен болашақтың ІТ мамандарының бір-бірімен пікір алмасуы, ой бөлісуі.

Кездесу қонақтары: Сариев Раушанбек Әбілдаұлы - Қызылорда қаласы Білім бөліміне қарасты қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы, «KazRobotics» Федерациясының Қызылорда облысы бойынша өкілі, Какимбаев Жәнібек - жеке кәсіпкер, бағдарлама жасаушы, Төлебай Бағлан Ағыбайұлы - Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өкілі, қызметі: 3D Animator, Game Developer, Producer, Қыстаубай Жандос - Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ-сі өкілі, қызметі: бағдарламашы.

Кездесу барысында 1304000 – «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенттері өздерінің шығармашылық жобаларын ұсынды. Кездесуге келген қонақтар сынама құрылғыларға жоғары баға беріп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сариев Раушанбек Әбілдаұлы өңіріміздегі робототехника саласының дамуы, Қазақстандық инженерлердің жас буынын даярлау, білім беру және спорттық робототехниканы насихаттау арқылы ғылыми-техникалық бағытты дамыту үшін ерінбей еңбек ету керектігін жеткізді.

Сонымен қатар өзі қызмет ететін оқу-әдістемелік орталығына келіп, шығармашылық жұмыспен айналысуға шақырды. Какимбаев Жәнібек студенттердің біршама сұрақтарына тұщымды жауап беріп, IT саласындағы өзекті мәселелерді, Қазақстандағы өндіріс және облыс дамуының салаларын автоматтандыруға, оларға қызмет көрсету үшін біздің бітіруші түлектер нені білуі керек, нені меңгеруі керек деген сұраққа ақыл-кеңестерін айтты. Төлебай Бағлан Ағыбайұлы Қазақстандағы және әлемдегі компьютерлік графиканың, анимацияның жағдайын баяндады. Өзінің жасаған жобаларын көрсетіп, шығармашылық ұжымының жұмыс барысымен таныстырды. Кездесу әсерлі өтіп, қонақтар мен студенттер бір-біріне шығармашылық табыстар тілеп тарқасты.

    

 

1 қыркүйек – Білім күні

1қыркүйек – Білім күні шәкірт үшін де, ұстаз, ата-ана үшін де тек қарбалас сәт, жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, қуаныш, айтулы мереке. Осыған орай М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Рухани жаңғыру бастауы, Біз – Мәңгілік ел жастары!» тақырыбында салтанатты жиын болып өтті.  Салтанатты жиында колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайлыбаев Бахытжан Әбдіқалықұлы оқу орны ардагерлерін, ата-аналарды, ұстаздар мен студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өткен жылдың табыстары мен алдағы міндеттерге тоқталды. «Білім күні, әсіресе, енді ғана колледж табалдырығын аттап отырған студенттер үшін өте маңызды кезең. Ғасырға жуық тарихы бар, талай жақсылар мен жайсаңдардың ізі жатқан киелі білім ордасының тарихы өздеріңізбен жалғасады, бүгіннен бастап осы ұяда адами да кәсіби үстанымдарыңыз қалыптасады» деп оқу орнына биыл қабылданған 1 курс студенттеріне сәттілік тіледі. Білім күніне арналған салтанатты жиында ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздар «Ы.Алтынсарин», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасы» және «Алғыс хаттарымен» марапатталды.